Share This Article
Астанада тау-кен өндірісі үшін маңызды оқиға орын алды: мыс өндіруші KAZ Minerals компаниясы ұнтақтау шарларын шығаруда әлемдік көшбасшы саналатын чилилік ME Elecmetal компаниясымен оффтейк-келісімшартқа қол қойды. Бұл келісім аясында Талдықорғанда заманауи зауыт салу жоспарланған, деп хабарлайды barysmedia.com.
Жаңа кәсіпорын 2028 жылы іске қосылып, жылына 150 мың тонна ұнтақтау шарларын өндіруге қауқарлы болады. Жобаның жалпы инвестициялық құны 85 миллион АҚШ долларын құрайды. Кәсіпорынның ашылуы 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
KAZ Minerals жыл сайын шамамен 70 мың тонна ұнтақтау шарын тұтынып, оған 100 миллион АҚШ долларынжұмсайды. Бұған дейін Қазақстанда дәл осындай сападағы өнім шығарылмағандықтан, компания ME Elecmetalөнімдерін пайдаланып келген. Жаңа зауыт ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнім өндіруге жол ашады.
“KAZ Minerals өндіріс тиімділігін арттыру үшін ең озық технологияларды енгізуге ұмтылады. Ұнтақтау шарлары біздің тау-кен байыту кешендерінің жұмысында шешуші рөл атқарады. 2023 жылы әртүрлі өнімдерді сынақтан өткіздік, нәтижесінде ME Elecmetal өнімдері үздік көрсеткіштерге ие болды. Талдықорғандағы зауыттың іске қосылуы біздің компанияны сапалы шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, елдің өнеркәсіптік дамуына да өз үлесін қосады”, – деп атап өтті “KAZ Minerals Management” ЖШС Басқарма төрағасы Эльдар Мамедов.
Талдықорғанда зауыт салу – KAZ Minerals компаниясының тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл жоба Қазақстанның өндірістік қуатын арттырып, оны әлемдік тау-кен индустриясында маңызды ойыншы ретінде нығайтуға мүмкіндік береді.