Share This Article
Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз көктемгі су тасқынына қатысты болжамдар ақпан айында жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды barysmedia.com.
Оның айтуынша, елдегі су тасқынын болжау және модельдеуге арналған цифрлық жүйе әлі де әзірлену үстінде.
«Бұл ақпараттық жүйені біз үкімет деңгейінде таныстырған едік. Нақты іске қосылу мерзімін айта алмаймын, бірақ осы жылдың басында іске қосу жоспарланған. Жүйе өте күрделі, кейбір өңірлер бойынша модельдеу жұмыстарын аяқтадық. Мақсатымыз – барынша нақты әрі шынайы жағдайды көрсететін модель құру. Бұл үшін көптеген факторлар мен нюанстар ескеріледі», – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар, Бекнияз көктемгі су тасқынына қатысты болжамдар 1 ақпаннан кейін белгілі болатынын атап өтті.
«1 ақпанда «Қазгидрометтен» алғашқы метеорологиялық болжамдар аламыз. Содан кейін оларды жүйеге енгізіп, су тасқынының нақты болжамын жасаймыз», – деді ол.
Үкіметтің су тасқыны кезеңіне дайын болуы туралы сұраққа вице-министр: «Иә, әрине», – деп қысқа жауап берді.