Share This Article
Отандық кәсіпкерлермен кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа шындықтарға бейімделуі және түбегейлі қайта құрылуы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды barysmedia.com.
Стратегиялық міндет ретінде ол экономиканы нығайту және Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін күшейту керектігін атап өтті. Бұл маңызды миссияны орындауда қазақстандық бизнеске айрықша жауапкершілік жүктеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды
➤ Президенттің айтуынша, бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.
➤ Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.
“Мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, «Resmi компаниялар тобы» ЖШС, «RG Brands» АҚ президенті Қайрат Мәжібаев, «Қазақмыс Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай, InDrive компаниясының бас атқарушы директоры Арсен Томский, «AUDACIA Express» ЖШС бас директоры Бақытбек Қадыров, «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова, «BI-Group» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Karazhal Operating» компаниясының тең иегері, «Paryz» ҚР Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы төралқасының төрағасы Жұмабек Жанықұлов, «Евразия инвест» ЖШС директоры Иван Георгиади, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон, «Атамекен» ҰКП төралқасының төрағасы Райымбек Баталов сөз сөйледі.
Сонымен қатар Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов, ЦАРКА президенті Олжас Сәтиев, «ЭлтексАлатау» ЖШС директоры Нұрлан Жәнібеков, «Aq Niet Group» ЖШС Бақылаушылар кеңесінің мүшесі Нұржан Ниязәлиев, Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Айбек Барысов пікір білдірді.

Олар бизнестің ел дамуына қосатын үлесі, жаңа экономикалық сын-қатерлерге бейімделу жолдары және Қазақстанның өркендеуіндегі кәсіпкерліктің рөлі туралы пікірлерімен бөлісті.