Share This Article
Қаржы министрінің “Қазақстан Республикасының өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен адамдар үшін салықтық әкімшілендіруді реттеудің өзге тәртібін белгілеу туралы” бұйрығы күшіне енді, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Құжат ТЖ режимі жарияланған өңірлердегі су тасқынынан зардап шеккен адамдардың салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін ұзартуға бағытталған.
Әкімдік су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізген салық төлеушілер келесі жеңілдіктерді пайдалана алады:
- төлеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, барлық салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша төлеу мерзімін 2024 жылғы 1 шілдеге дейін кейінге қалдырылады;
- 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын салық есептілігін тапсыру мерзімдері 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстырылады;
- мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету және салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдау 2024 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтатыла тұрады;
- орындау мерзімі 2024 жылғы 1 наурыздан бастап 30 маусымға дейінгі кезеңде басталатын, камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындау мерзімі 2024 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылады.
Бұдан өзге, 2024 жылғы 1 шілдеге дейін салықтық тексерулер (кешенді, тақырыптық, қарсы, хронометраждық тексерулер) тоқтатылды, бұл ретте тоқтата тұру мерзімі тексеру және талап қою мерзімдеріне енгізілмейді.
Сонымен қатар, зардап шеккен адамдарға қатысты жаңа салықтық тексерулерді тағайындауды тоқтата тұру көзделген.
Сондай-ақ 2024 жылғы 1 наурыздан 1 шілдеге дейінгі кезең үшін мерзімінде төленбеген салықтар бойынша өсімпұл есептеу тоқтатылды.
Бұл өзгерістер 2024 жылдың 1 наурызынан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
МКК қазақстандықтарға мемлекеттік кірістер органдарына жүгінудің қажеті жоқ екенін, зардап шеккендердің тізімі әкімдіктерден алынатынын хабарлады.