Share This Article
Бұл туралы тараптардың келіссөздерінде делдал ретінде әрекет еткен Қатар мен АҚШ биліктері растады. Газадағы атысты тоқтату және тұтқындарды босату туралы келісім Қатар премьер-министрінің ХАМАС өкілдерімен және Израиль өкілдерімен кездесулерінде жасалғаны хабарланды, деп хабарлайды barysmedia.com.
Қатар премьері Мұхаммед Әл-Тани атысты тоқтату туралы келісім 19 қаңтар, жексенбі күні күшіне енетінін мәлімдеді.
Кейін АҚШ президенті Джо Байден де мәлімдеме жасады:
“Бұл [келісімнің жасалуы] ХАМАС-қа жасалған үлкен қысымның және Ливандағы атысты тоқтату мен Иранның әлсіреуінен кейінгі аймақтық жағдайдың өзгерістерінің ғана емес, сонымен қатар АҚШ-тың қажырлы және мұқият дипломатиясының нәтижесі. Менің дипломатиям мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін күш-жігерін ешқашан тоқтатқан емес”, – деді Байден.
Оның айтуынша, бұл келісім 2024 жылдың мамыр айында ұсынылған және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан мақұлдаған өз жоспарына сәйкес жасалған.
Бұл жоспар үш кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі — Қатарда жасалған атысты тоқтату және Израиль тұтқындарын қайтару туралы келісім.
Екінші кезеңде Израиль мен ХАМАС соғысты толық тоқтату үшін нақты қадамдарды талқылайды, деп мәлімдеді АҚШ президенті. Оның айтуынша, бұл кезең алты аптаға созылуы керек, ал егер осы уақыт ішінде келісімдерге қол жеткізілмесе, атысты тоқтату режимі ұзартылатын болады.
Ал соңғы, үшінші кезеңде қалған тұтқындарды Израильге қайтару және Газа секторын қалпына келтіру жоспарын талқылау жүзеге асырылмақ.