Share This Article
Қазақстанның бірнеше өңірінде картоп бағасының күрт өсуіне байланысты үкімет көкөністі үшінші елдерге экспорттауды жарты жылға шектеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды barysmedia.com.
Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, премьер-министрдің тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері елдегі картоп нарығының жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
“Көрші елдерден, әсіресе Өзбекстаннан сұраныстың артуы және биылғы жоғары экспорттық бағалар салдарынан картоп экспорты 1,5 есеге өсті: 411 мың тоннадан 605 мың тоннаға дейін. Ажиотаждық сұраныс ішкі нарыққа әсер етті. Соңғы аптада экспортқа бағдарланған өндірушілердің баға деңгейі 170 теңгеден 270 теңгеге дейін көтерілді”, – делінген үкіметтің хабарламасында.
Ішкі нарықтағы картоп бағасын тұрақтандыру үшін 18 қаңтарда өткен Сауда қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында картопты үшінші елдерге шығаруды 6 айға шектеу туралы шешім қабылданды.
“Бұл шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қолданылмайды, бірақ экспортқа қатаң бақылау жүргізіледі. Сонымен қатар 16 қаңтардан бастап фитосанитарлық сертификаттарды беру толығымен тоқтатылды”, – деп түсіндірді үкіметте.
Үкімет қабылдаған шаралар картоп бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, негізсіз баға өсімін болдырмауға және нарық қатысушыларының алыпсатарлық әрекеттерін шектеуге бағытталған. Сауда және интеграция министрлігінің аумақтық органдары антимонополиялық органдармен бірлесе отырып, жағдайды күшейтілген бақылауға алып, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда шара қолданатынын мәлімдеді.