Share This Article
Қызылорда облысының Арал ауданында сумен жабдықтау жүйесін салу және жаңғырту мақсатында Арнаулы мемлекеттік қордан 4,2 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды barysmedia.com.
Бұл қаражат 3 мыңнан астам тұрғыны бар Тоқабай және Абай ауылдарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай, Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Арал–Тоқабай–Абай магистралі тармағының құрылысы жүргізілуде.
Жоба 2021 жылы басталғанымен, оны аяқтау үшін қосымша 3,7 млрд теңге қажет болды. Қаржы бөлу туралы шешім қабылданып, нысанды 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, шамамен 400 тұрғыны бар Ақбасты ауылында да су жүйесі жаңартылуда. Арал–Сарыбұлақ топтық су құбырына қосылатын Қосман–Ақбасты магистралі тармағының құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның жалпы құны – 2,4 млрд теңге, оның 1,8 млрд теңгесі игерілген, ал қалған 524 млн теңге Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінді. Бұл нысан 2024 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Аталған жобалар халықтың таза ауызсуға қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына серпін бермек. Үкімет бұл бағыттағы жұмыстардың ел игілігі үшін маңызды екенін атап өтті.