Share This Article
Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы сарапшылармен кездесті, деп хабарлайды barysmedia.com.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары барысында сарапшылармен жасанды интеллектті (ЖИ) дамыту мәселесін талқылады.
Мемлекет басшысы ЖИ қазіргі замандағы прогрестің ең басты қозғаушы күштерінің бірі саналатынын әрі экономиканы түбегейлі өзгерте алатынын айтты.
“Қазақстанда жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Институционалдық құрылым аясында Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған өзім жетекшілік жасаймын. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. ЖИ саласындағы ұлттық саясатқа қатысты ұсынымдар әзірлеп, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында оның жұмысына инженерлер, зерттеушілер мен кәсіпкерлер кеңінен тартылады”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ЖИ саласына жоғары санатты маман даярлау және қолдау ісіне айрықша басымдық беріп отырғанына тоқталды. Президенттің айтуынша, ЖИ-дің қолданысқа табысты енуі осындай технологияларды әзірлейтін және пайдаланатын адамдардың біліктілігі мен тәжірибесіне тікелей байланысты.
Мемлекет басшысы елімізде AlemAI озық технологиялар орталығы құрылғанын мәлімдеді. Орталық әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің енгізілуіне ықпал етеді.
Президент жасанды интеллектке байланысты бастамаларды жүзеге асыратын хабта мектептерге, университеттерге және кәсіби даярлық орталықтарына арналған білім беру бағдарламалары жасақталатынын айтты. Сондай-ақ, онда зерттеушілерге, стартаптар мен компанияларға арналған кеңселер, тәжірибе алмасу алаңдары орналасады.
“Біз ЖИ саласындағы адам капиталын дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді”, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің белсенді мүшесі болуға ұмтылатынын жеткізді. Сонымен қатар кездесуге қатысушыларды ғылыми зерттеуден бастап этикалық стандарттарды бекітуге дейінгі сан салалы жұмысқа атсалысуға шақырды.