Share This Article
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз бен әрлеу материалдары сатып алынады, — деп хабарлайды barysmedia.kz үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз және әрлеу материалдарын өндірушілердің қатысуын арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізген.
Атап айтқанда, жаңа форматтағы мектептер құрылысы кезінде барлық жиһаз қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Сондай-ақ сыртқы қасбеттерді әрлеуде қолданылатын материалдардың басым бөлігі отандық өндірістің тауарлары болмақ.
«Кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде ұзақ мерзімді жеткізуді жоспарлауға және тиімді шарттармен жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беретін алдын ала келісімшарттарды қолдану қарастырылған», — деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жабдықтау үшін жиһаздар мен құрал-жабдықтарға қажетті барлық техникалық шарттарды анықтаған. Үкімет қабылдаған өзгерістерді сапалы іске асыру үшін елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі.
Бұдан бөлек, қоғамдық мониторинг жүргізу үшін ақпараттық жүйе әзірленуде. Осылайша, әрбір тұрғын мектеп құрылысының барысын қоғамдық дашборд арқылы бақылауға мүмкіндік алады. Осы мақсатта қазір әрбір объектіде бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.