Share This Article
АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға салған экономикалық санкцияларды алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Ақ үй бұл шешімді Сирияда тұрақтылық пен бейбітшілікті орнатуға бағытталған қадам деп сипаттады, деп хабарлайды barysmedia.com.
Жарлықта АҚШ-тың аймақтағы тұрақтылық пен бейбітшілікке бейілділігі атап өтілген.
«Біртұтас және қауіпсіз Сирия террорлық ұйымдарға пана бермей, діни және этникалық аз топтарды қорғауы тиіс. Мұндай Сирия аймақтың қауіпсіздігі мен дамуына үлес қосады», – делінген құжатта.
Дегенмен, Башар Асадқа, оның отбасына және бұрынғы режимді қолдаушыларға қарсы санкциялар өз күшінде қалады. Сирияның сыртқы істер министрі Асаад әл-Шибани санкцияларды алып тастау экономикалық дамуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
«Бұл шешім елдің экономикалық қалпына келуіне және халықаралық қауымдастыққа жол ашады», – деді министр.
АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент санкцияларды алып тастау сириялықтарға жаңа өмір бастауына мүмкіндік беретініне тоқталды.
«Сирия экономикасы әлемдік саудаға қайта қосылып, елдің инфрақұрылымы қалпына келтіріледі», – деп мәлімдеді ол.
Исламшыл «Хайят Тахрир аш-Шам» (ХТШ) тобының жетекшісі Ахмед аш-Шараа басқарған көтерілісшілер 2024 жылдың желтоқсан айында Асад режимін құлатты. Алайда, ХТШ тобы әлі күнге дейін БҰҰ, АҚШ, Ұлыбритания және Ресей тарапынан террористік ұйым ретінде танылған. Дональд Трамп мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға бұл ұйымның мәртебесін қайта қарауды тапсырды.