Share This Article
Президент – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлайды barysmedia.com.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығы алдында тұрған басым бағыттар мен міндеттерді атап өтті.
Қорғаныс министрлігі басшылығының назары басқару органдары мен әскер құрылымдарын жетілдіру шараларын жүзеге асыруға, резервтегі әскери қызмет институтын дамытуға, арнайы операциялар күштері мен аумақтық қорғанысты нығайтуға, сондай-ақ Қарулы Күштерді цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға аударылды.
“Әскери қызмет өткеру үшін тартымды жағдай жасау талаптылық пен әскери қызметшілердің кәсіби құзыреттерін жетілдіруге деген ынтасын арттырумен қатар жүруі тиіс”, – делінген жарияланымда.
Президент сондай-ақ әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселесі барлық деңгейдегі қолбасшылық жұмысының басты басымдығы болуы тиіс екенін еске салды.