ХАМАС Газадағы билікті азаматтық басқаруға беруге дайын екенін мәлімдегенімен, Израиль бұл бастаманы «көзбояушылық» деп бағалады. Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғанидің пікірінше, бұл мәлімдеме қақтығыс аяқталуға жақын дегенді білдірмейді.
Келіссөздердің алғашқы кезеңі әлі аяқталған жоқ
Саясаттанушының айтуынша, қазіргі таңда тараптар уақытша бітімнің алғашқы кезеңін толық аяқтай алған жоқ. Тұтқындар алмасу, әскери іс-қимылдарды тоқтату және гуманитарлық мәселелер бойынша әлі де шешілмеген түйткілдер бар.
«Қазіргі жарияланып жатқан мәлімдемелер – келіссөздердің бір бөлігі ғана. Егер әскери қимылдар қайта жанданса, бүгінде талқыланып жатқан бастамалардың барлығы қайта қаралады», – деді Нұргелді Әбдіғани.
ХАМАС неге мұндай қадамға барды?
Сарапшының пікірінше, ХАМАС-тың Газадағы үкіметті таратып, билікті азаматтық басқаруға беру туралы мәлімдемесі ұйымның қазіргі саяси және әскери жағдайымен байланысты.
Оның айтуынша, қозғалыс сыртқы қолдаудың әлсіреуін және әскери жолмен мақсатына жетудің қиындай түскенін ескеріп, саяси шешім іздеуге мәжбүр болып отыр.
«ХАМАС қарулы басқарудан гөрі саяси басқаруға көшуге дайын екенін мәлімдеп отыр. Сондықтан олар үкіметті таратып, азаматтық басқару құруға әзір екенін айтты», – деді саясаттанушы.
Израиль неге сенбейді?
Нұргелді Әбдіғанидің айтуынша, Израильдің бұл бастамаға күмәнмен қарауының да өзіндік себептері бар. Тараптар арасындағы сенім деңгейі төмен болғандықтан, ХАМАС-тың мәлімдемесі әзірге бейбіт келісімнің кепілі ретінде қабылданып отырған жоқ.

