
Мнение эксперта
Ресейдегі жанармай тапшылығы аясында Қырғызстан Қазақстаннан бензин жеткізуді ресми сұрады. Бұл мәселе өңірдегі энергетикалық қауіпсіздікке қатысты талқылауды күшейтті. Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғанидің пікірінше, Қазақстан мұндай жағдайда ең алдымен өз ішкі нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуі қажет.
Қазақстан үшін басты басымдық – ішкі нарық
Саясаттанушы Нұргелді Әбдіғанидің айтуынша, Ресейдегі жанармай тапшылығы көрші мемлекеттерге де әсер етіп отыр. Соның салдарынан Қырғызстан Қазақстаннан жанармай жеткізуді ресми түрде сұраған.
Сарапшы мұны Орталық Азиядағы мемлекеттердің өзара ынтымақтастығы аясындағы қалыпты жағдай деп бағалайды.
«Орталық Азия мемлекеттері арасында өзара қолдау тетіктері қалыптасқан. Соның бірі – энергетика саласындағы ынтымақтастық. Сондықтан Қырғызстанның Қазақстанға ресми түрде жанармай сұрап жүгінуі – қалыпты жағдай», – деді Нұргелді Әбдіғани.
Сонымен бірге ол Қазақстан мұндай шешім қабылдағанда ең алдымен ұлттық мүдде ескерілуі керек екенін айтты.
«Қазақстан қандай шешім қабылдаса да, ең алдымен өз ішкі нарығын толық қамтамасыз етуі тиіс. Елдегі жанармай қоры мен баға тұрақтылығы бірінші орында тұруы қажет», – деді саясаттанушы.
Өңірлік ынтымақтастық маңызды
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның көрші елдерге қолдау көрсетуі маңызды болғанымен, мұндай қадам ішкі нарықтағы қажеттілік толық қамтамасыз етілгеннен кейін ғана қарастырылуы керек.
Айта кетейік, бұған дейін Энергетика министрлігі Қырғызстаннан түскен өтініш қаралып жатқанын хабарлаған болатын. Ведомство кез келген шешім қабылданғанда ең алдымен Қазақстанның ішкі нарығындағы тұрақтылық пен ұлттық мүдде басшылыққа алынатынын мәлімдеді.

