Share This Article
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда бүгінде 855 мыңнан астам адам көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды barysmedia.com.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Төлем мөлшері бала санына қарай есептеліп төленеді:
- 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;
- 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;
- 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;
- 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;
- 8 және одан да көп баласы бар отбасыларға – әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңге мөлшерінде төленді.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы “Алтын алқа”, “Күміс алқа” алқаларымен наградталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған аналарға тағайындалады.
Наградталған анаға берілетін жәрдемақы ай сайын келесі мөлшерде төленеді:
- “Күміс алқа” алқасымен наградталған аналарға – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;
- “Алтын алқа” алқасымен наградталған немесе бұрын “Батыр Ана” атағын алған, І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен наградталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артты.