Share This Article
20 шілде күні Германияның Рейн-Рур аймағында өтіп жатқан XXXII Жазғы Дүниежүзілік Универсиадада қазақстандық спортшылар бір күнде төрт қола медаль жеңіп алды. Бұл – ел құрамасының Универсиададағы үлкен жетістігі, деп хабарлайды barysmedia.com.
Темірлан Тілеулес – алғашқы медаль иегері
Таэквондодан сынға түскен Темірлан Тілеулес жарыстың жартылай финалында украиналық қарсыласынан ұтылып, қола жүлдеге ие болды. Бұл – Қазақстан құрамасының аталған жарыстағы алғашқы медалі.
Нодира Ахмедова – таэквондодан тағы бір қола
Сол күні Нодира Ахмедова да таэквондодан жүлделі орынға ие болды. Қытайлық спортшымен өткен кездесуде тартысты жекпе-жекте есе жібергенімен, үшінші орынды қанжығасына байлады.
Айбота Ертайқызы – көркем гимнастикада үздік үштікте
Көркем гимнастикадан өнер көрсеткен Айбота Ертайқызы лентамен орындаған композициясында жоғары шеберлік пен көркемдікті паш етті. Қазылар алқасы оның өнерін жоғары бағалап, нәтижесінде Айбота үшінші орыннан көрінді.
Дамир Шуленов – қола медаль иеленген тағы бір таэквондошы
Таэквондо шебері Дамир Шуленов те бүгінгі бәсекеде табандылық танытып, ел қоржынына тағы бір қола медаль салды.
Қазақстан құрамасының табысы артып келеді
Осылайша, 20 шілде күні Қазақстан құрамасы Универсиадада 4 қола медальмен марапатталды. Бұл – халықаралық аренадағы отандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Айта кетейік, Жазғы Универсиада 16 шілдеде басталды және 27 шілдеге дейін жалғасады. Қазақстан атынан жарысқа 76 спортшы қатысуда. Олар 12 түрлі спорт түрі бойынша ел намысын қорғауда.