Share This Article
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайға ресми сапармен барды, деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Бейжіңде депутаттар Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен, Қытай Халық Республикасының Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен және Қытай Халық Республикасы Төрағасының орынбасары Хань Чжэнмен кездесті.
Қытай Халық Республикасы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзимен кездесуде тараптар парламентаралық диалогтан бастап екі ел арасындағы экономикалық және мәдени ынтымақтастыққа дейінгі көптеген мәселені талқылады.
“Кейінгі екі жыл Қазақстан мен Қытай тарихындағы маңызды кезең болды. Мемлекет басшыларымыздың күш-жігерінің арқасында ол жаңа деңгейге көтерілді. Біздің парламенттер арасындағы өзара іс-әрекет көшбасшыларымыздың қол жеткізген уағдаластықтарын іске асыруға бағытталуға тиіс. Біздің өткен жылы жоспарланған осы ресми сапарымыз парламентаралық байланыстарды жан-жақты нығайтуға жақсы мүмкіндік береді. Өткен жылы жоспарланған осы ресми сапар Парламентаралық байланысымызды одан әрі арттыруға септігін тигізеді”, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістер туралы, сондай-ақ Мәжілістің қазіргі қызметі жайлы айтып берді.
Қазақстан депутаттары қытайлық әріптестерінің тәжірибесіне, соның ішінде, жасанды интеллект пен төтенше жағдайларға қарсы күрес саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытты.