Share This Article
Арал теңізін қалпына келтіру мақсатында Солтүстік Аралға 1 миллиард текше метр су жіберілген, деп хабарлайды barysmedia.com.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су бағытталған. Бұл жоспарланған мөлшерден 100 миллион текше метрге артық.
Орталық Азия елдері арасындағы келісімдер нәтижесінде 2025 жылдың наурызына дейін Солтүстік Аралға жалпы 1,6 миллиард текше метр су жіберіледі деп күтілуде. Қазіргі таңда теңіздегі су қоры 22,1 миллиард текше метрді құрайды.
2022 жылдың басында теңіздегі су көлемі 18,9 миллиард текше метр болған. Ал 2025 жылдың соңына қарайбұл көрсеткіш 23,4 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Сонымен қатар, Солтүстік Арал теңізінің аумағы да кеңейіп келеді. Бүгінгі күні оның ауданы 3065 шаршы шақырымға жетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 111 шаршы шақырымға ұлғайған. Бұл судың минералдану деңгейін төмендетуге және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге ықпал етті. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға дейін жетті.
“Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру” жобасы аяқталуға жақын.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі теңіздегі су көлемі 42%-ға ұлғайып, 27 миллиард текше метрге жеткенін хабарлаған болатын. Сонымен қатар, теңіздегі тұздылық деңгейі төрт есеге төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін өскен. Бұл Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің нәтижесі болып саналады.