Share This Article
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа көп жылдан бері аяқталмай келе жатқан ЖРК (ЛРТ) құрылысы жөнінде есеп берді, деп хабарлайды barysmedia.com.
Ол 2024 жылдың желтоқсанында Астанада көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама бекітілгенін атап өтті. Автокөлік қозғалысының артуы аясында бұл бағдарламада қоғамдық көлікті дамытуға, жолдардың өткізу қабілетін арттыруға, жаңа көпірлер салуға, автотұрақтардың жұмысын жетілдіруге басымдық берілген.
“Күн сайын қала маршруттарына 1600-ден астам автобус шығады. Екі жыл ішінде елордадағы қоғамдық көлік паркі 45%-ға жаңартылды. Сіздің қолдауыңыздың арқасында ЛРТ жобасы мәреге жақындап келеді. Жазда құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Қыркүйекте алғашқы пойыздар келеді, содан кейін белсенді тестілеу басталады. Қалада заманауи, жайлы және экологиялық бейнені қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жалғасуда”, – деді Қасымбек.
Астанадағы ЖРК жобаны жоспарлау мен қаржыландырудағы қателіктер, жемқорлыққа қатысты даулар және бірнеше рет өзгерген техникалық шешімдер әсерінен ұзаққа созылып жатыр. 2011 жылы басталған бұл жоба бастапқыда миллиардтаған долларды талап етіп, экономикалық тиімділігі күмән тудырған. Кейіннен қаржыландыру тоқтатылып, мердігерлермен келісімдер бұзылған. Сонымен қатар, жобадағы қаржы жымқыру фактілері бойынша бірнеше лауазымды тұлға сотталған. Нәтижесінде жоба бірнеше жылға тоқтап қалып, тек кейінгі жылдары қайта жанданды.