Share This Article
Үкімет су тасқыны салдарын жоюға тағы 22,7 миллиард бөлді, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Қазақстан Үкіметі көктемгі су тасқыны салдарын жоюға және зақымдалған инфрақұрылымдық нысандарды қалпына келтіруге төтенше резервтен қосымша 22,7 миллиард теңге бөлді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат Ақмола, Ақтөбе, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы жолдарды, сондай-ақ көпірлер мен су өткізгіш құрылымдарды қалпына келтіруге, реконструкциялауға және құрылыс жұмыстары үшін әкімдіктерге бөлінеді.
Атап айтқанда, Ақтөбе облысында 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде Ырғыз – Нұра, Ырғыз – Құттыкөл, Құмтоғай автожолдарындағы су өткізгіш құбырларды, Ойыл ауылына апаратын автожолды жөндеу, Ойыл өзеніндегі көпірді қайта жаңғырту, сондай-ақ Әйтеке би ауданы Әйке ауылындағы көпір өткелі құрылысы бар.
Ақмола облысында Атбасар қаласына апаратын жол бөлігін, Атбасар – Сочинское автожолын қайта жаңарту, Жалтыр – Макинск автожолын, Қалқұтан ауылына, Жамбыл және басқа да елді мекендерге кіреберіс жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы – 14 бағыт.
Қостанай облысында қаражат 22 бағыт бойынша жолдарды, көпірлерді және 10-ға жуық су өткізгіш құбырды жөндеуге және реконструкциялауға жұмсалады.
Солтүстік Қазақстан облысында 10 жолды, оның ішінде Көкшетау – Омбы бағытындағы жолды жөндеу, сондай-ақ 22 шақырым су өткізгіш құбырларға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Бөлінген қаражат жергілікті атқарушы органдарға тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін су тасқынынан кейін бүлінген жол бөліктерін уақытылы қалпына келтіруге мүмкіндік береді.