Share This Article
2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 5 926 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 134,3 мың этникалық қазақ оралды, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі (50,3%) Қытайдан, 33,4% – Өзбекстаннан, 6,4% – Түрікменстаннан, 5,2% – Моңғолиядан, 3,4% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден келген.
Осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 58,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,6%-ды және зейнеткерлер 9,5%-ды құрайды.
“Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 22,6%-ы орта кәсіби білімді, 55,1%-ы жалпы орта білімді, және 5,3%-ының білімі жоқ”, – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан хабарламада.