Share This Article
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшерін жариялады, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Ведомство мәліметінше, 2023 жылы республикалық бюджеттен 2,3 миллион адамға 3,3 триллион теңгеден аса сомаға зейнетақы төленген, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 1 триллион 16,6 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 2 триллион 297,4 миллиард теңге бөлінген.
“2023 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, әлеуметтік төлемдерді жыл сайынғы индекстеу шеңберінде ынтымақты зейнетақы өсімі 10,5 пайыз (инфляция деңгейінен 2 пайызға ілгерілеп) болды. Сондай-ақ, ең төмен күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты базалық зейнетақы мөлшері ұлғайтылды.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 744 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 82 868 теңге, базалық зейнетақы – 37 876 теңге”, – делінген хабарламада.
2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, еліміздегі зейнеткерлер саны 2 миллион 344 мың адам болған.