Белгілі кәсіпкер Айбек Барыс «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімінің себебін түсіндірді. Оның айтуынша, партияның жұмысына сырттан баға берудің орнына, оның ішінде болып, нақты үлес қосқысы келеді.

«Партияның ішінде болып көргім келді»
Ulys Media-ға берген сұхбатында Айбек Барыс бұл – оның өміріндегі алғашқы саяси партия екенін айтты.
«Әділет» партиясы өз атына қаншалықты сай болады, оны уақыт көрсетеді. Cырттан қарап сынап отырған адам емеспін. Ішіне кіріп, өз үлесімді қосып, бәрін өз көзіммен көргім келді. Сондықтан партияға өттім», – деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, қоғамдағы өзгерістерге сырттай пікір білдіруден гөрі, нақты іске араласқан дұрыс.
«Әділет әр адамға қажет»
Айбек Барыстың пікірінше, әділеттілік – қоғамдағы кез келген адам үшін ең маңызды құндылықтардың бірі.
«Әділет байға да, кедейге де, білімдіге де, қарапайым адамға да керек. Егер адам адал еңбек етіп, соған лайықты әділ ақы алса, одан артық не керек? Сондықтан мен осы идеяға сенемін», – деді ол.
Кәсіпкер партия жұмысына сенім білдіретінін және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге тырысатынын айтты.
«Мен нәтижеге жетпей тоқтайтын адам емеспін. Егер бір іске кіріссем, оны соңына дейін жеткізуге тырысамын», – деді Айбек Барыс.
«Мақсатым депутат болу емес»
Сұхбат барысында кәсіпкер болашақта депутат болу жоспары жоқ екенін де айтты.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта негізгі назарын бизнес пен ғылыми жобаларға аударып отыр.
«Депутат болу деген мақсатым жоқ. Ол – бөлек жұмыс. Менің өз бизнесім бар, ғылыми жобаларым бар. Әр адам өз ісін кәсіби деңгейде атқаруы керек деп ойлаймын», – деді Айбек Барыс.
Оның пікірінше, саясатқа қатысу міндетті түрде мемлекеттік қызметке келуді білдірмейді. Ең маңыздысы – қоғамға өз саласы арқылы пайда әкелу.

