Share This Article
Маңғыстау облысының Жетібай ауылында West Oil компаниясының 500-ден астам жұмысшысы бір апта бойына ереуілдеуде. Олар “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясына ауысуды, еңбекақы төлеімінің бірыңғай жүйесін енгізуді және ескірген техниканы жаңартуды талап етеді, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Бұған қатысты “West Oil Software” ЖШС компаниясы өз ұстанымын Instagram-дағы парақшасында жариялады.
“ОТК” ЖШС мен “WOS” ЖШС арасында 2027 жылға дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт бар. Компания өз міндеттемелерін ереуілге шыққан жұмысшылардың қатысуымен, болмаса оларсыз толық көлемде орындауға ниетті. Заңсыз ереуілге байланысты мұнай ұңғымаларында апат қаупі бар, бұл қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ тапсырыс берушіге экономикалық шығын келтіреді”, делінген хабарламада.
Сондай-ақ компания ереуіл салдарынан компания күн сайын келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 23 млн теңгеден астам шығынға ұшырайтынын баса атап көрсетеді.
“Компания ұжымдық шарттың және еңбек заңнамасының талаптарын толық орындап келеді. Компания жұмысшыларына беретін еңбекақы басқа мұнай сервис кәсіпорындарының жалақысынан артық. Ереуілге шыққан жұмысшылардың дәлелдері шындыққа жанаспайды”, делінген компания хабарламасында.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, жұмысшылардың талаптары заңнамаға сәйкес қаралып, шешілді.
“Компания жұмысшылардың ҚМГ құрамына өту және жалақыны ҚМГ бірыңғай еңбекақы жүйесіне (ҚМГ ЕСОТ) сай теңестіру туралы талаптарының орындалуына қарсы, өйткені бұл мәселелер жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы еңбек дауына жатпайды. Компания материалдық-техникалық базаны жаңарту бойынша “ОТК” ЖШС және ҚМГ ұсынған бағдарламаны қабылдайды”, – деді “West Oil Software” ЖШС баспасөз қызметі.