Share This Article
Қазақтың танымал әндерінің ішінде құндылығын бірде-бір рет жоғалтпай, аға ұрпақтың да, жас өреннің де рухын оятатын шығармалар баршылық. Тәуелсіздік күні қарсаңында біз Отан, туған жер, туған өлке тақырыптарындағы әндерді бір шолып шықтық.
Халық арасында кең тарап, танымал болған әндердің авторы және орындаушылары кімдер? Қазіргі жас әншілер, танымал топтар туған жер туралы қандай ән шығарып, шырқап жүр және олар қаншалықты танымал?
ЕКІНШІ ӘНҰРАН
Қазақ халқының рухын оятып, отаншылдық сезімді одан әрі тереңдеткен, екінші әнұранымызға айналған атақты «Атамекен» әні 1970 жылы жарық көрген.
Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті композитор Ескендір Хасанғалиев елге деген сағынышын әннің әуені арқылы жеткізген. Ал «Қайда жүрсем атамекен, көкейіңде жатады екен», – деп әуенге қанат бітірген киелі сөздердің авторы – ақын Қадыр Мырза Әлі.
«…Сол жылы Алматыдағы «Республика» сарайында Қазақ КСР-інің 50 жылдығына арналған үлкен концерт өтті. Аталған кеште «Атамекенді» алғаш рет Нұрғали Нүсіпжанов екеуміз қос дауыста орындадық. Дәл сол жылы Одақ өнерпаздары тұңғыш рет Швеция мен Финляндияға гастрольдік сапармен барды. Өнер делегациясының ішінде біз де болдық. Швеция астанасы Стокгольмнің ең үлкен сахнасында «Атамекен» шырқалды. Әнді орындап болғанымыз сол еді, бір топ адам сахнаға қарай қаумалай бастады. Жасы мен жасамысы бар, арасында бала-шаға да жүр. Жүздері жылы ұшырай кетті, сөйтсек өз қандастарымыз екен. Қарақұрым халық жабыла құшақтап, бетімізден сүйіп жатыр, көздеріне жас алғандар да бар. Не істерімізді білмей аңтарылып қалдық. Сөйтсек, бұл ән бауырлардың туған жерге деген сағынышын маздатып жіберген екен. «Өшкенімізді қайта жаңғырттыңдар, рахмет сендерге», – деп алғыстарын жаудырды. Содан бері қайда жүрсем де, қандай сахнаға шықсам да, «Атамекенді» аузымнан тастамаймын», – деді Ескендір Хасанғалиев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.
ЖАСТАР ЖӘНЕ ПАТРИОТИЗМ
Жастар – елдің болашағы, елдің тірегі – туған жерге деген махаббатты жеткіншек жастардың бойында бала кезден оятуды ойлаған жөн. Дәл осы мақсатта «Менің атым Қожа» фильмінде орындалған «Туған ел» әні, біздіңше, өз жұмысын жақсы атқаруда. Әні Нұрғиса Тілендиевтікі болса, сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған. Қазір бұл әнді «Жігіттер» квартеті орындайды.
Десе де, кезінде пионерлердің әнұранына айналған бұл әнді қазіргі балалар да жарыса айтуда. Мысалы, «Айналайын» балалар хоры, «Туған жер» балалар студиясы сияқты бүлдіршіндерден құралған топтар бұл әнді өз дауысы мен орындау мәнеріне келтіріп, жаңашалап, отаншылдықты насихаттап жүр.
Сол сияқты, бүгінгі қазақ жастары арасында кең тарап кеткен Ерболат Құдайбергеннің «Мен қазақпын», Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» сынды туындылар – қазақ әні тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз.
Әрине, заман дамыған сайын, музыкадағы стиліміз де өзгеруде. Батыс мәдениетінің кең таралуы бізге де өз әсерін тигізіп келеді. Бүгінде жастар ырғағы тез, сөзі ерекше мән беретін әуендерді тыңдауға көшкен. Бірақ, оның ішінде отан ана тақырыбындағы әндер де жоқ емес.
Қазіргі күні Нью-Йорк, Чикаго, Дубай, Ташкент қалаларында концерт беріп жүрген «Ирина Кайратовна» тобы ел Тәуелсіздігін және өз тәуелсіздігін бағалайтын жандардың бірі. Олар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Отыздан асып барамын» атты фильмнің тұсауын кескен болатын. Осы фильммен аттас саундтрек жастар арасында кеңінен танымал, мағынасы да терең.
Топтың шығармашылығына үңілетін болсақ, «Ирина Қайратовна» өз туындылары арқылы қандай да бір шындықты жеткізуге мән беретін топ. Мысалы, елде бәрі ақылы, бәрінің ақылды болып кеткені; 30 жыл тарихымызда небір қилы да, сыйлы да оқиғалардың орын алғаны, т.б. Әнді тыңдай отырып, қазақ және орыс тілдерінің қолданылғанын, ырғақтың тездігін байқауға болады. Иә, бұл ән жоғарыда айтылған әндерден мүлдем бөлек. Топ, сондай-ақ қазақ құндылықтарын әнге түсірілген бейнебаян арқылы насихаттаған. Онда – жастарды тарихты оқуға, құндылықтар мен дәстүрлерімізді дәріптеуге шақыратын наратив бар (түсінген адамға). Шығармашылық топ бейнебаянның түпкі мағынасын халыққа баяндамаған, бірақ тыңдармандар пікірлерін оқи отырып, тек қазақ жастары емес, шетелдіктер де топтың жұмысына «бас иген».
РЕМИКС ЖАНРЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ҚОЛДАНЫСЫ
Ән өнеріндегі ремикс жанры – ертеден келе жатқан әндерді жандандыруға көмектесетін бірден-бір құрал. Ремикс – ағылшын тілінің remake сөзінен шыққан. Аудармасы – қайта өңдеу. Яғни, ремикс – әннің өңделіп, заманауи аранжировкамен жасалған түрі. Қазір жас қазақ музыканттары бұл жанрды жақсы меңгерген. Әнші, композитор, қазақ музыка өнерінің майталманы – Батырхан Шүкеновтің «Отан Ана» әнін Dudeontheguitar мен Hey Monro лақап атымен танымал әншілер жаңа стильде жазып шығарған. Әннің бейнебаянындағы кадрлар денеңді тітіркендіреді. Себебі, онда шындығы әлі де беймәлім «желтоқсан оқиғасы» негізге алынған. Әннің түпнұсқасындағы музыка авторы Куат Шілдебаев, сөзін жазған Тұманбай Молдағалиев. Ремикс нұсқаға гитара мен қобыздың үні қосылған. Музыка авторлары: Ислам Суннатов, Олег Дюков, Диас Туктасов. Байқағанымыздай, әннің жылдамдығын арттыру арқылы ғана емес, баяулатып та тыңдарманның назарын аударта алған. Dudeontheguitar мен Hey Monro әнді ғана емес, бейнебаянды да жаңалау арқылы сәтті туынды жасап шықты деген баға беруге болады.
Айта кетерлік жайт, тұңғыш рет «Грэмми» сыйлығын иеленген Иманбек – ремикс жасау арқылы жеңіске жеткен.
Олай болса, бұл жанрдың байырғы өлеңдердің құндылығын сақтаудағы рөлі қандай? Жастар арасында танымал болуына не себеп? Осы сұрақтар бойынша біз композитор Жанар Қошағазинамен тілдестік.
«Ремикс – қазіргі таңда өлеңнің сазын көпшілікке ұтымды әрі өзгеше етіп жеткізудің бір түрі. Алайда, ремикс жасауға келетін де, келмейтін де әндер бар. Өйткені, ремикс кейбір әндердің табиғатын бұзып жатады, ән өзінің түпнұсқасынан ауытқып кетеді. Ал кейбір баяу әндерді өңдеу кезінде ән керісінше ашылып, ритмі тыңдарманға ұнап жатады. Ремиксті дұрыс не дұрыс емес деп нақты айту қиын. Бірақ ең алғаш халықтың құлағына сіңген нұсқасы дұрыс деп ойдамын», – дейді Жанар Қошағазина.
Композитор әнге ремикс жасау барысында тыңдарманның әнді қабылдай алуы маңызды екенін атап өтті.
Мысалы, Жанболат пен Жазираның орындауындағы «Жан-Жарыма» әніне ремикс жасалғаны естеріңізде болар, бірақ ол тіпті орындаушылардың да көңілінен шыға қоймаған. «Халыққа түпнұсқа әнді ұсынған ұтымдырақ», – деп есептейді Жанар Қошағазина.
Десек те, келісу керек, бүгінгі жастардың арасында танымалдылыққа ие болған әншілер мен музыканттар отаншылдыққа бағытталған әндерге жаңа дем беруде. Бәрімізге мәлім Ерболат Құдайбергеннің «Мен Қазақпын» әні осының дәлелі. Иә, әнші әнге жаңа рух сыйлап қана қоймай, өз стилін де жастардың бағытына ауыстырған. Бұл өз кезегінде әннің қайтадан танымал болуына едәуір септігін тигізуде.
Ел тәуелсіздігі – ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған мұрат. Оны бағалау, келесі ұрпаққа табыстау – жастарға аманат екенін ұмытпалық. Сіздерді де тарихымызды баяндайтын әндер мен жырлар, әсем туындылар жазуға шақырамыз!
Дильназ Шаймұратова
ҚазҰУ студенті