Share This Article
Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы 27,2 триллион теңге болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Мәжілісте «2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» Үкіметтің есебі тыңдалып жатыр.
Бүгінде бюджет тапшылығы 3,1 триллион теңге болады, бұл – жалпы ішкі өнімге 2,6 пайыз. Бюджет тапшылығы ішкі көздер есебінен қаржыландырылды.
«2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 27,2 триллион теңге немесе жалпы ішкі өнімге 22,8 пайыз болады. Оның ішінде Үкіметтің борышы жалпы ішкі өнімге 20,9 пайыз немесе 24,9 триллион теңге болды. Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімге 50 пайыздан аспайтын деңгейде белгіленген. Қазір мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген мәндер аймағында тұр», – деді Дәурен Темірбеков.
Оның айтуынша, 2024-2028 жылдарға арналған болжамдар мемлекеттік борыш көрсетілген жылдары лимиттен аспайтынын және жалпы ішкі өнімге 25 пайыз, ал үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімге 21 пайыз деңгейінде болатынын көрсетіп отыр.