Share This Article
Алматыда Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы өтті. Еліміздің әр өңірі мен Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Бельгия, Британия, Нидерландтан журналистер мен БАҚ басшылары қатысқан форум үш күнге созылды, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Журналистер медиа форумы аясында «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында семинар-треннигке қатысты.Белгілі психолог Жания Бейсенованың «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбында ой қозғады.
Атап айтқанда, «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбы бойынша медиатренер Жания Бисенова жан-жақты түсіндіріп, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Семинар тренниг барысында қатысушылар бір-бірімен қызу пікір алмасты. Сонымен қатар «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» туралы да топпен тәжірибелік жұмыс қызықты өтті. Ал медиатренер Мейіржан Әуелханұлы жүргізген «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» тақырыбы бүгінгі XXI ғасырда өте өзекті болғандықтан, қатысушылардың қызығушылығын ерекше арттырды. Тәжірибелік жұмыста түрлі сұрақтарға жауаптар берілді. Қатысушылар сурет пен видео өңдеуде де көп нәрсені көңілге түйді. қатысушылардың бұл тақырыпқа қызығушылығы зор екені байқалды.
Семинар-тренинг барысында қатысушылары бейне материалдар арқылы берілген психологиялық тапсырмаларды талдап, топтық және жеке жұмыстарды істеді. Одан бөлек, бүгінгі күні танымал, әрі сұранысқа ие технология – жасанды интеллектпен жұмыс істеу, тәжірибеге енгізуді үйренді.
Форум алдында гала-банкет ұйымдастырылып, «Еркін сөз – 2023» және «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды. «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастыруымен және «Халық банк» АҚ демеушілігімен өткен журналистер арасындағы «Еркін сөз» шығармашылық байқауыныңқорытындысы бойынша «Үздік телесюжет» номинациясын Гүлнәр Тайжан, «Үздік мақала» номинациясын Құндыз Қабылденова, «Сайттағы үздік мақала» номинациясын «Айқын» сайтының тілшісі Жадыра Мүсілім иеленді. Жеңімпаздар диплом және қаржылай сыйақымен марапатталды.
Сондай ақ Жолдасбек Дуанабай атындағы арнайы сыйлықпен Әділет Қанат, Айнұр Сыдықова атындағы арнайы сыйлықпен Қалқаман Нұрлыхан, Сәкен Орынбасарұлы атындағы арнайы сыйлықпен Алтынай Жетпісбаева марапатталды.
«Түркітілдес журнаилстер қоры» ҚҚ Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында отандық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылатын байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.
Ал әлеуметтік саланы дамытуға үлес қосып жүрген жобаларды елге насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Әлеумет – Қоғам айнасы» байқауынан жеңімпаз атанған үш журналист Қалмұрат Дәулетбаев – 3 орын, Ақбота Мұсабек – 2 орын, Эльмира Жүрсінбекқызы 1 орынды иеленді.
«Мақсатымыз – түбі бір түркі елдерін жақындастыру» деген Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы Түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі екенін айтты.
Оның айтуынша, медиа форумының атауын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атауының бірнеше себебі бар. 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.
«Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», – деді қор басшысы.