Share This Article
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күні барлық ата-ана бүлдіршіндерге ерекше көңіл бөледі. Ауыл-аймақ пен қалаларда түрлі концерт өтеді. Ал кейбір қайырымдылық қорлары мен арнайы орталықтар балаларға арнап сый таратады. Осындай игі іс-шараларды ұйымдастырушылардың бірі – “Халық” қайырымдылық қоры. Бұл туралы barysmedia.com хабарлайды.
Тимур Құлыбаев бастаған “Халық” қайырымдылық қоры құрылған күннен бастап маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуде белсенді жұмыс атқарып келеді. Осы уақытқа дейін қор 10 мың ауыл баласын футбол жабдықтарымен қамтамасыз етті. 280 орындық балабақша мен 50-ден астам балалар мен футбол алаңдарын салды. Оған қоса білім гранттарына 300 млн теңге бөлді. Биылғы оқу жылында 12 студент “Халық” қорының 100% грантымен оқыса, оның алтауы халықаралық “Мирас” мектебінің IB дипломын алды және әлемнің жетекші университеттеріне оқуға түсті.
”Халық” қорының басқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, қордың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру.
“Балалар – еліміздің болашағы. Біз, ересектер, әрбір баланың өз әлеуетін ашуға және бүкіл қазақ қоғамының дамуына үлес қосуға мүмкіндігі бар әлем құра аламыз”, – деді Нариман Әбілшайықов.
Биыл балаларды қорғау күніне орай “Халық” қоры Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының 17 ойын бөлмесін ойыншықтармен қамтамасыз етті.
Сондай-ақ “Халық” қорының ұжымы “Ауыл футбол” жобасына енген мүгедектігі бар балалар командасын мерекемен құттықтап, 15 балаға сыйлықтар табыстады.
“Халық” қоры ән арқылы қазақ тілін үйренуге арналған оқу-әдістемелік құрал шығару жобасын қолдады. Осы жоба аясында композитор, әнші, педагог және профессор Назымбек Дүкенбайдың балаларға арналған кітабының шығуына қолдау көрсетті.