Share This Article
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев жылу желілері әбден тозған 12 қаланы атады, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
“Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес жылу желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 13 мың шақырым. Олардың орташа тозу деңгейі – 53 пайыз, шамамен 7 мың шақырым жылу желісін ауыстыру қажет. Жылу желілерінің жоғары тозу деңгейі Павлодар (Екібастұз – 91 пайыз, Павлодар – 83 пайыз), Ақмола (Степногорск – 82 пайыз, Атбасар – 76,5 пайыз), Солтүстік Қазақстан (Петропавл – 74 пайыз), Қостанай (Арқалық – 68 пайыз, Рудный – 68 пайыз), Маңғыстау (Ақтау – 71 пайыз) және Қарағанды (Теміртау – 67 пайыз) облыстарында”, – деді Қанат Шарлапаев.
Оның айтуынша, 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43 пайызға төмендету керек.
“Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желісін жөндеу қажет. Қаржылық қажеттілік жылына – шамамен 250 млрд теңге. 2023 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 336 шақырым жылу желісі жаңғыртылды (175 млрд теңге)”, – деді министр.
Биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 221 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарда бар. Бұған шамамен 128 млрд теңге қарастырылған:
- республикалық бюджет есебінен 72,3 млрд теңге (126 шақырым);
- жергілікті бюджеттен 39 млрд теңге;
- табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңге (69 шақырым).
“Қосымша 233 шақырым жылу желілерін жөндеуге 162 млрд теңгеге дайын жобалар бар. Оның ішінде 43 млрд теңге басталған 14 жобаны аяқтауға (27,3 шақырым), 119 млрд теңге 70 жаңа жобаны іске асыруға (205,6 шақырым) жұмсалады.
Қаржы министрлігімен бірлесіп Ұлытау облысы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстары бойынша Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр (41 млрд теңге – 60,4 шақырым)”, – деді ол.
Сондай-ақ Қанат Шарлапаев министрлік жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары (65 пайыздан 91 пайызға дейін) “қызыл аймаққа” жатқызылатын 12 қала анықталғанын жеткізді:
Павлодар облысы:
Екібастұз – 91 пайыз, Павлодар – 83 пайыз,
Ақмола облысы
Степногорск – 82 пайыз, Атбасар – 76,5 пайыз,
Солтүстік Қазақстан облысы
Петропавл – 74 пайыз,
Маңғыстау облысы
Ақтау – 71 пайыз
Қостанай облысы
Арқалық – 68 пайыз, Рудный – 68 пайыз,
Абай облысы
Семей – 68 пайыз,
Қарағанды облысы
Теміртау – 67 пайыз,
Түркістан облысы
Кентау – 65 пайыз;
Шығыс Қазақстан облысы
Риддер – 59,5 пайыз.
“2023 жылдың қорытындысына сәйкес осы қалалардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73 пайыз болған”, – деді министр.