Share This Article
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Qarmet АҚ-ның жаңа инвесторы Андрей Лаврентьев кәсіпорынға инвестиция құйып, шахтерлердің жалақысын көтергенін айтты, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Анас Баққожаев Qarmet АҚ-ның жаңа басшылығы кәсіпорынды дамыту үшін қандай жұмыс істеп жатқанын сұрады.
“Біз Қарағанды металлургиялық комбинатын (ArcelorMittal АҚ) қайтарып алғанда бүкіл қолғам қуанды. Себебі, ол – экономикаға үлкен ықпал ететін кәсіпорын. Енді Лакшми Миттал мырза (бұрынғы ArcelorMittal компаниясының басқарма төрағасы – бас атқарушы директоры) рәсуасын шығарып кетті. Жаңа инвестор Андрей Лаврентьев пайда болды. Ол кәсіпорынға 3,5 млрд доллар құямын деді. 2024 жылы 1,13 млрд доллар салатын болды. Міне, мамыр айы жетті. Биыл ақша салына ма? Қандай міндеттер бекітілді? Ақша түссе, Андрей Лаврентьев нені бірінші қолға алады? Біз бұл мәселеге алаңдап отырмыз”, – деді ол.
Министр жаңа инвестор уәдесін біртіндеп орындап жатқанын жеткізді.
“Қарағандыдағы темір өндіретін кәсіпорында (Qarmet АҚ-да) 30 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл – экономика нақты әсер ететін кәсіпорын. Ең алдымен (Qarmet АҚ директорлар кеңесінің төрағасы) Андрей Лаврентьев 33,5 млрд теңге инвестиция саламын деп уәде берді. Бұл қаржыны қайда бағытталады?
Біріншіден, экология мәселесі бар. Мысалы, қазір кәсіпорындағы домна пеші тек көмірмен жұмыс істейді. Оны газға айырбастауға болады. 2025 жылы осы жұмысты аяқтаймыз. Бұл экологияға жақсы әсер етеді. Себебі, көмірді пайдалану азаяды.
Екіншіден, қазір кәсіпорында тауардың линейкасы өте аз. Оны арттыруымыз керек. Сондықтан инвестиция осы мақсатқа бағытталады.
Үшіншіден, бүгінде біз болаттың арнайы маркасын басқа елдерден экспорттап жатырмыз. Болашақта Qarmet АҚ осы болатты өзі өндіреді. Осындай жоспарымыз бар”, – деді Қанат Шарлапаев.
Ведомство басшысы шахтерлердің еңбекақысы өскенін атап өтті.
“Біріншіден, шахтерлердің жалақысы көтерілді. Екіншіден, бүгінде өндірілетін өнімнің көлемі өсіп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша өнімнің көлемі артты. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша нәтиже бар”, – деді министр.