Share This Article
“Қазгидромет” РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін екенін айтты, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
“Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық бөліністердің өтуіне байланысты ауа райы жауын-шашынды болады. Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктегі таулы аудандарда қатты жауын-шашын жауады. Елімізде найзағай ойнап, тұман түсіп, жел күшейеді, оңтүстікте дауыл соғады”, – деді Алина Ысмағұлова ОКҚ-де өткен брифингте.
Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына байланысты 5 өңірде (Солтүстік Қазақстан, Абай, Түркістан және Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары) 4 гидрологиялық ескерту жарияланған.
“Қазгидромет” өкілі солтүстікте су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін екенін жеткізді.
“Солтүстік Қазақстан облысы бойынша. Биыл 15-19 сәуір аралығында Ақмола облысынан бүйірлік ағындардың (Терісаққан, Жабай және Қалқұтан өзендері) келуіне байланысты Есіл өзені бойындағы Ғабит Мүсірепов, Шал ақын және Есіл аудандарында су деңгейінің көтерілуі қаупі сақталады және су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін”, – деді ол.
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында өзендер арнасынан асу қаупі бар.
“15 сәуір сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Ертіс-Абылайкит өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі 313 см болды, ал шекті деңгей – 300 см. Сағат 8.00-ден 14.00-ге дейін су деңгейінің көтерілуі – 90 см. Өскемен СЭС-нан төгімнің ұлғаюынан су деңгейінің көтерілуі қаупі бар, шекті деңгейден 13 см асуы байқалды”, – деді Алина Ысмағұлова.
Сондай-ақ оңтүстікте де қауіп сақталады.
“16-17 сәуір аралығында Алматы және Түркістан облыстарындағы таулы және тау етегіндегі аудандарда қатты жауын-шашын салдарынан өзендерде су деңгейінің көтерілу қаупі сақталады. Сондай-ақ автожолдарды, елді мекендерді және шаруашылық нысандарынды су басуы мүмкін”, – деді баспасөз хатшысы.