Share This Article
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істігісі келетіндерге арналған жоба қолға алынып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Ертаевтың айтуынша, Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істегісі келетін Қазақстан азаматтары арнайы орталықта оқуға тиіс.
Қазақстандықтарды Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін жүйеге енгізу бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
Биыл қаңтардан бастап азаматтарды осы елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған.
Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Жобаны іске асыру қазақстандықтарға олардың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғауға кепілдік беріп, Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді Асқарбек Ертаев.
Тестілеу орталығы Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында ашылады.
Мекеменің қажетті материалдық-техникалық базасы, оқу аудиториясы бар. Заманға сай құралдармен жабдықталған. Тестілеу орталығында 500-ден аса компьютер орны бар. Қазақстан азаматтарын Қонаев атындағы көпбейінді колледжінде оқыту көзделіп отыр. Олар Оңтүстік Кореяға бармас бұрын осында оқытылады, – деді Асқарбек Ертаев.