Share This Article
Ұлттық экономика министрлігі жаңадан құрылған Алатау қаласы туралы айтты, – деп хабарлайды barysmedia.com тілшісі.
Министрлік Алатау қаласын құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының (“Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы”) жоспарын әзірлепті.
Жоспарға сәйкес министрлік Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп, экономикалық есептерді, жаңа қаланың схемалық картасын дайындау бойынша жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ, халықпен жиын өткізіліп, соның негізінде Алматы облысы мен Іле, Талғар аудандары және Қонаев қаласы мәслихаттарының шешімдері қабылданды.
“Жаңа қаланы құру жол желілері, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін модернизациялауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестицияны, технологияны, қосымша қаржы ағынын тартуға, кәсіпкерлік белсенділікті дамытуға, салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық тұрақтылығын жақсартуға ықпал етеді”, – деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ, Үкімет арнайы экономикалық аймақ аумағын 30 мың гектардан 96,5 мың гектарға дейін кеңейту, G4 City арнайы экономикалық аймағын Alatau АЭА-ға қайта атау туралы шешімді мақұлдады. Осылайша, Алатау қаласының барлық аумағы және Қонаев қаласының бір бөлігі арнайы экономикалық аймақ аумағына жатқызылады.
АЭА аумағында қызметтің басым түрлері бойынша 17 атау негізінде 110 мың жаңа жұмыс орнын құрып, жалпы сомасы 12,5 триллион теңгеге 170-тен аса жобаны орналастыру көзделіп отыр.